12 Қаңтар, 2018

Жас буынға – жаңа білім

902 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ғұмырымның елеулі бөлігін педагогика саласына арнағандықтан кешегі кеңестік білім беру жүйесі мен бүгінгі білім нарығының арасындағы айырмашылықты аңғармау мүмкін емес. Біз оқыған білім моделі базалық, классикалық үлгіге келсе, қазіргі жас буын, өскелең ұрпақ мобильді, бір шылбыры жаһандық жүйеге жалғанған жаңа біліммен қаруланып жатыр деуге болады. 

Жас буынға – жаңа білім

Әлбетте, жаңа істің бастауы кем-кетіксіз болмайды. Бірақ түпкі нәтиже оң боларына көңіл бек сенеді. Жақсы-ақ. Келешегіміздің кемел білімге бағыт алуы баршамызды қуантады. Бұл – бабалар жолы. Әл-Фараби данышпан әркез дүниені кезіп, әлем кітапханасынан сусындады емес пе?! Міне, сол білім іздеудегі нәсіп бүгінгі буынға бұйырған екен.

Әрине, бұл жолда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев білімі салтанат құрған мемлекет болудың бар негізін қалады деуге болады. Білім беру саласында жас ұрпақтың жан-жақты таңдауы көп. Қазақстан сияқты елдер некен-саяқ. Бізде балабақшадан бастап орта мектепте, кейін жоғары оқу орнында да қандай білім ошағында тәлім-тәрбие аламын десеңіз, бәріне де орасан мүмкіндік берілген. Елбасының қамқорлығымен «Болашақ» бағдарламасының өзі он мыңдаған шәкіртті қоғамымыздың дамуына атсалысуға үкілеп қосып отыр. Зияткерлік мектептер мен Назарбаев Университеті бұрын шет мемлекеттерден көретін білім беру модельдерін елімізге кеңінен енгізе бастауымен ерекшеленеді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында да білім саласына, әсіресе мұғалім мәртебесіне көп көңіл бөлінгенін қуана қабылдадым. Бұл көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе-тін. Өйткені мұғалім еңбекақысының аздығы бұл салаға білікті мамандардың келуін шектеп отырды емес пе? Бұл баршаға белгілі жайт. Елбасы осы орайда жыл басынан бастап 30 пайызға көтерілетін мұғалім еңбекақысына қосымша мұғалім біліктілігін екшеуді тапсырып отыр. Яғни, жаңа категориялық кестеге сәйкес, мұғалімдер ұлттық біліктілік тестінен өтеді. Осы арқылы, яғни біліктілігінің расталуына байланысты олардың еңбекақысы 50 пайызға дейін өспек. Бұл Президент айтқандай, мұғалім қауымын ұдайы өзін-өзі жетілдіруге ынталандыратын бірден-бір тетік. Шын мәнінде, бүгінгі уақыт – өзгерістер уақыты. Білім саласының қызметкерлері де кез келген сынаққа, өзгеріске әзір болуы, сергек жүруі қоғамды алға жылжытатын фактордың бірі болса керек деген ойдамыз.

Отбасында қалыптасқан тәрбиені одан әрі жалғастыратын – қазақ мектебі. Қазақ мектебіндегі тәрбие бесігінің тілі – ана тілі. «Ана сүтінің уызына жарып өспеген баланың денсаулығында бір кемшілік болады» дейді дәрігерлер. Сол сияқты ана тілінің уызына жарымай өскен балада да көп кемшілік болады. Ана тілі – адамның еркін сөйлеуіне жол ашады. Ана тілін меңгермеген бала қазақтілді ортада өз ойын ашық айта алмайды. Өз пікірін айтудан қашады. Бұл психология ғылымында «дағдарыс» деп аталады. Бүгінгі таңда теледидар дейсіз бе, интернет дейсіз бе, техниканың түр-түрі дамыған уақытта ата-ана мен баланың сырласуы, ананың қызымен, әкенің ұлымен сөйлесуі, тіпті адам мен адамның әңгімелесуі азайып бара жатыр. Бұл жақсы үрдіс емес. Отбасында ата-ана баласымен міндетті түрде сөйлесіп, сырласып тұруы керек. Осыны ата-аналар басты назарға алса екен деген ой мазалайды. Ал білім мен тәрбиенің қайнар көзі – әр баланың туған жерінде, отбасында, ана тілінде екені анық. Сондықтан биылғы Жолдауда айтылғандай, білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдетудің өзекті екені анық. 

Қазір орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу үдерісі жүргізілуде. Бұл үрдіс 2021 жылы аяқталмақ. Осы уақытта біз қоғамда айтылып келе жатқан оқулықтар мен оқытудағы олқылықтардан арылып, жаңа заманауи білім жүйесіне негізделген әрі ұлттық дәстүр мен танымнан тамыр алған төл білім кеңістігін қалыптастыра білуіміз тиіс. Өйткені бұл – мүлде жаңа бағдарламалар мен оқулықтардан, стандарттардан тұрады. Десе де, оны өзіміз түзетін болғандықтан барлық дүниенің сапалы болуына баса мән бергеніміз абзал. Бұл болашағымыздың да сапалы болуының кепілі болмақ. Әсіресе қазір үш тілді оқытуға қатысты кадрларды қайта оқыту жұмысы қызу жүргізіліп жатқан кезеңде педагогикалық орталықтар мен жаратылыстану ғылымдарының оқыту сапасын төмендетіп алмай, қайта күшейтуге назар аударуымыз керек. Оқушы жүктемесін азайту турасындағы талап та орынды. Қазақта «аз, аз болса да саз» деген ұғым бар. Білім – шексіз мұхит. Оны орта білім беру жүйесінде тауысу, барлығын игеру мүмкін емес. Сондықтан ең басты басымдық баланың бейімін бағамдау, сол бағытта тереңдете оқытуға икемдеу болса керек.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білім беру ісінің үздігі